ТМҰ Энергияға жауапты министрлердің 5-ші отырысы Ыстанбұлда өтті

ТМҰ Энергияға жауапты министрлердің 5-ші отырысы Ыстанбұлда өтті

Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Энергияға жауапты министрлердің 5-ші отырысы 2025 жылғы 10 желтоқсанда Ыстанбұл қаласында өтті.

Жиынға ТМҰ-ға мүше және бақылаушы елдердің энергияға жауапты министрлері мен жоғары лауазымды тұлғалары, сондай-ақ ТМҰ Бас хатшысы Елші Кубанычбек Омуралиев қатысты.

Министрлер мен Бас хатшы ТМҰ-ға мүше және бақылаушы елдердің қазба отын және таза энергия бойынша маңызы зор әлеуетке ие екенін, сондай-ақ, Азия мен Еуропаны байланыстыратын стратегиялық маңызы бар көпір рөлін атқаратынын атап өтті.  Артып келе жатқан энергия сұранысы, құбылмалы энергия нарығы және жаһандық трансформация жағдайында ТМҰ елдері арасындағы ынтымақтастықтың бір таңдау мәселесі емес, өмірлік маңызы бар қажеттілік екенін атап өтті.

Энергетикалық қауіпсіздік пен стратегиялық өзара байланыстылықтың маңызды рөліне назар аударған министрлер құбыр желілері, энергия беру желілері, сақтау және тасымалдаудан тұратын интеграцияланған инфрақұрылымдық желілердің тұрақты тасымалдауды қамтамасыз ету, сауданы жеңілдету, экономикалық өсуді қолдау және Түркі кеңістігінің геосаяси тұрақтылығын күшейту тұрғысынан айрықша маңызға ие екенін айтты.

Бас хатшы ТМҰ ішінде дамып келе жатқан мұнай және газ саласындағы үкіметаралық ынтымақтастыққа бағытталған Баку–Тбилиси–Жейхан, Баку–Тбилиси–Эрзурум (Оңтүстік Кавказ) газ құбырлары, Транс-Анадолы газ құбыры (TANAP), Транс-Адриатика құбыр желісі (TAP), Ығдыр–Нахчыван газ құбыры; Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергияны дамыту және тасымалдау саласындағы стратегиялық әріптестіктің; Орталық Азия–Әзербайжан Жасыл энергия дәлізін Еуропаға экспорттайтын Әзербайжан–Грузия–Түркия–Болгария Жасыл энергия дәлізінің; «Қамбар ата-1» гидроэлектр станциясының; сондай-ақ жаңартылатын энергия экспортын көздейтін Қаратеңіз суасты кабелі сияқты жобалардың ТМҰ елдерінің экономикаларын нығайтып қана қоймай, өзге өңірлердің энергетикалық қауіпсіздігіне де үлес қосатынын айтты.

Министрлер 2023–2027 жылдарға арналған ТМҰ Энергетика саласындағы ынтымақтастық бағдарламасы мен іс-қимыл жоспарын іске асыру, министр орынбасарлары деңгейіндегі Энергия үйлестіру кеңесін тиімді пайдалану, белгілі бір бағыттар бойынша қосалқы жұмыс топтарының жұмысын қолдану, ТМҰ аясында Өңірлік технологиялар және жасыл бастамалар орталығын құру, энергия саласы мамандарына арналған оқу бағдарламалары мен кәсіби даму іс-шараларын күшейту сияқты бастамалардың ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың негізін нығайту маңызды екенін айтты.

Тараптар ТМҰ Энергияға жауапты министрлердің 6-шы отырысын 2026 жылы Өзбекстанда өткізу туралы шешім қабылдады.