Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Бас хатшысы, Елші Кубанычбек Омуралиев 2025 жылғы 28 қарашада Ыстанбұлда өткен «Азық-түлік ысырабын азайту және суды қорғау: Болашағымызды қауіпсіздендіру» тақырыбындағы Жоғары деңгейлі ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы министрлері панеліне қатысты.
Жиын Түркия Республикасының Ауыл және орман шаруашылығы министрлігі мен «Ысырапсыз қалдық» қорының ұйымдастыруымен өткізіліп, Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанның жұбайы Эмине Ердоғанның төрағалығымен өтті.
Ашылу салтанатында Эмине Ердоған азық-түлік пен су ысырабының адамзат үшін өмірлік маңызы бар тіршілік мәселесіне айналғанын атай келе, жаһандық аштық пен ысырапшылдық арасындағы алшақтықты азайту мақсатында «Ысырапсыз қалдық» қағидаттарына мән беруге шақырды.
ТМҰ Бас хатшысы Омуралиев жоғары деңгейлі министрлер отырысында сөйлеген сөзінде Түркі мемлекеттері ұйымының азық-түлік қауіпсіздігі, экологиялық тұрақтылық және «ысырапсыз қалдық» бастамаларын қолдайтынын айтты.
Бас хатшы ысырапты алдын алу - әрі адамгершілік жауапкершілік, әрі тұрақты болашақ құрудың маңызды тетігі екенін атап өтті.
Сондай-ақ, су тапшылығы мен азық-түлік ысырабына қарсы күресте өңірлік және халықаралық деңгейде үйлестірілген күш-жігердің қажеттілігін ерекше атап көрсетті. ТМҰ-ның мүше және бақылаушы елдердің жаһандық мақсаттармен үйлесімді тиімді ауылшаруашылық және экологиялық стратегияларды қолдайтынын тағы бір мәрте растады.
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген министрлер мен халықаралық ұйым өкілдерін бір арнаға тоғыстырған бұл жиын ынтымақтастықты нығайтуға, озық тәжірибелермен алмасуға және ысырапсыз қалдық саясатын халықаралық күн тәртібінде кеңінен дамытуға бағытталды.
ТМҰ-ның панельге белсенді қатысуы Түркі мемлекеттері арасында және одан тыс кеңістікте экологиялық ынтымақтастықты дамытуға деген берік ұстанымының айқын дәлелі болды.










