Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Диаспора істеріне жауапты министрлер мен мекеме басшыларының 7-отырысы 2025 жылғы 2 желтоқсанда Будапешт қаласында өтті. Аталмыш жиын Мажарстанда ұйымдастырылған алғашқы жоғары деңгейлі диаспора отырысы ретінде есте қалды.
Мажарстан Үкіметінің ұйтқысымен өткен кездесу ТМҰ-ның барлық мүше мемлекеттерін және Мажарстанды бір алаңға тоғыстырып, Мажарстанның ТМҰ аясындағы белсенді рөлін айшықтады. Делегация Мажарстанның жылы қабылдауы мен шараның жоғары деңгейде өткеніне ризашылығын білдірді.
Отырысқа ТМҰ Бас хатшысы Елші Кубанычбек Омуралиев пен Мажарстанның шетелдегі Мажар қауымдастықтарына жауапты мемлекеттік хатшысы Лөринц Нача төрағалық етті.
Бас хатшы өз сөзінде Мажарстанның ТМҰ-ның ынтымақтастық бағыттарында белсенді жұмыстар атқарып жатқанын атай келе, елдің елеулі үлесі арқасында “бақылаушы елден” де жоғары мәртебеге көтерілгенін айтты.
Кездесуде әлемдегі түркі диаспораларының қазіргі жағдайына қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Талқылаулар диаспора мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, шетелдегі түркі қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге және ортақ бастамалар арқылы ТМҰ диаспорасының танымалдығын әрі өзара байланысын арттыруға бағытталды.
Қатысушылар алдыңғы жиыннан бері қол жеткізген жетістіктерді бағалай отырып, Будапешт пен Габалада өткен соңғы ТМҰ саммиттерінде Мемлекет басшылары тарапынан диаспора мәселелеріне жүктелген жауапкершілікті жоғары бағалады. Делегациялар стипендиялық және тағылымдама бағдарламалары, жастар арасындағы өзара іс-қимыл платформалары, сондай-ақ түркі қауымдастықтарының мәдени, әлеуметтік және білім саласындағы байланыстарын қолдауға бағытталған бастамаларды қоса алғанда, жалғасып жатқан жобаларды талқылады. Отырыс соңында тараптар 2026 жылға арналған ТМҰ ортақ диаспора іс-қимыл жоспарын қабылдады.
Кездесу ортақ бағдарламаларды дамыту және ТМҰ-ға мүше елдердің диаспора мекемелері арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі міндеттемелерді қайта растаумен қорытындыланды. ТМҰ-ға мүше мемлекеттер түркі диаспорасының жаһандық деңгейде белсенді, өзара байланысты және ықпалды түрде өкілдік етілуін қамтамасыз ету мақсатында бірлесе жұмыс істей беруге келісті.













