ТМҰ Медиа және ақпаратқа жауапты министрлер мен жоғары лауазымды тұлғалардың 7-отырысы Бакуде өтті

ТМҰ Медиа және ақпаратқа жауапты министрлер мен жоғары лауазымды тұлғалардың 7-отырысы Бакуде өтті

2025 жылғы 28 қарашада Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің (ТМҰ) Медиа және ақпаратқа жауапты министрлер мен жоғары лауазымды тұлғалардың 7-отырысы Бакуде өтті.

Әзербайжан Республикасының Медиа дамыту агенттігінің атқарушы директоры Ахмет Исмайылов төрағалық қылған жиынға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, Қырғыз Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Максат Мамытканов, Түркия Республикасының Коммуникациялар басқармасы басшысының орынбасары профессор Ферхат Пиринччи, Өзбекстан Республикасы Президент Әкімшілігі жанындағы Бұқаралық ақпарат құралдары үшін контент өндіру орталығының директоры Кобулжон Ахмедов, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының Сыртқы істер министрі Тахсин Ертуғрулоғлу және ТМҰ Бас хатшысының орынбасары доктор Өмер Коджаман қатысты.

Бас хатшының орынбасары доктор Өмер Коджаман өз сөзінде Әзербайжанның Түркі әлеміндегі ынтымақтастықты нығайтудағы шешуші рөлін атай келе, ақпараттың жаһандық бағыт-бағдарды қалыптастыруда стратегиялық мәнге ие екенін ерекше атап өтті.

доктор Өмер Коджаман ТМҰ аясында медиа және ақпарат саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне тоқталып,  өткен айда Габалада өткен ТМҰ саммитінің қорытындылары медиа ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және Түркі әлемінің жаһандық деңгейде танымалдығын арттыруға тың серпін беретінін айтты.

Жиынға қатысушылар қолданыстағы ТМҰ бастамаларын тиімді пайдалана отырып, медиа ынтымақтастығын дамытуға бағытталған ортақ күш-жігердің маңыздылығына мән берді.

Бір күн бұрын ТМҰ-ның Медиа және ақпарат жөніндегі жұмыс тобының 12-отырысы өтіп, онда Министрлер мен медиа және ақпаратқа жауапты жоғары лауазымды тұлғалардың қарауына ұсынылатын негізгі құжаттар түпкілікті пысықталды.

Аталмыш іс-шара ТМҰ-ға  мүше елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған нақты мақсаттар мен стратегияларды қамтитын 2026 жылғы ТМҰ Іс-қимыл жоспарын да қамтитын «Баку декларациясын» қабылдаумен қорытындыланды.

Қатысушылар, сондай-ақ, 2026 жылы Медиа және ақпаратқа жауапты министрлер мен жоғары лауазымды тұлғалардың 8-отырысын Қазақстанда өткізуге шешім қабылдады.

Жиын аясында ұйымдастырылған Медиа форум жаһандық ақпараттық сын-қатерлер мен цифрлық медиа саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне арналған панельмен жалғасты.  Бұл форум қарқынды өзгеріп жатқан медиа экожүйесінде озық тәжірибелер мен инновациялық тәсілдерді бөлісуге мүмкіндік беретін алаң болды.