Дүниежүзілік Түркі тілдері отбасы күніне орай Түркі әлемі жастар және білім беру форумы 2025 жылғы 15 желтоқсанда Ташкент қаласында өтті.
Форум Халықаралық Түркі мемлекеттері университетінің ұйымдастыруымен өтті. Айтулы жиынға мемлекеттік мекемелер, ғылыми-ағартушылық ұйымдар, сараптамалық орталықтар, дипломатиялық миссия өкілдері мен белсенді жастардарды қоса алғанда шамамен 150-ден астам қонақ қатысты.
Форум аясында «Өзгеріп жатқан геосаяси жағдайда Түркі мемлекеттерінің тұрақты дамуы және стратегиялық ынтымақтастығы» және «Түркі мәдени бірегейлігі мен ортақ рухани кеңістікке қарай: интеграция үдерісіндегі Түркі әлемі жастарының рөлі» тақырыбында екі панельдік отырыс өтті.
Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Бас хатшысының орынбасары доктор Мирвохид Азимов өз сөзінде форумның Өзбекстан Республикасы Президентінің бастамасымен құрылған Халықаралық Түркі мемлекеттері университетінде өтуінің символдық маңыздылығына тоқталып, ТМҰ аясында жүзеге асырылып жатқан 50-ден астам кешенді ынтымақтастық бағытының ішінде білім беру мен жастар мәселелері басым бағыттардың бірі екенін айтты.
Сондай-ақ, 2024 жылы Бішкек саммитінде Мемлекет басшылары қабылдаған Түркі әлемінің хартиясына тоқталып, бұл құжаттың ортақ тарих, тіл бірлігі және мәдени үйлесім негізінде Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтатынын айтты.
Доктор Мирвохид Азимов ТМҰ-ның мүше мемлекеттердің әлеуетін іске асыруға, ортақ күш-жігерді нығайтуға және жаһандық әрі өңірлік сын-қатерлерге бірлесіп жауап беруге мүмкіндік беретін тиімді ынтымақтастық алаңы болып қала беретінін растады.
Форум Түркі өркениетінің жаһандық мәдени және зияткерлік кеңістіктегі шешуші рөлін тағы бір мәрте айқындап, Түркі әлемінде тұрақты даму үшін жастардың белсенді қатысуы мен білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Айта кету керек, 2025 жылғы қарашада Самарқан қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 43-сессиясы аясында 15 желтоқсан ресми түрде Дүниежүзілік Түркі тілдері отбасы күні деп жарияланып, Түркі әлемі үшін тарихи белестің бастауы болды.














