Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдары консультативтік платформасының (ОСО КП) жұмыс отырысы Қазақстан Республикасының төрағалығымен 2025 жылғы 28 қарашада Бішкек қаласында өтті.
Жиында Қазақстанның 2025 жылғы 14 мамырда төрағалықты қабылдап алғаннан бері жүзеге асқан жобаларды талқылап, түркі әлеміндегі сайлау жүйелерін дамыту бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелері пысықталды.
Кездесуде тараптар Қазақстанның төрағалығы аясында 2025–2027 жылдарға арналған Іс-қимыл жоспарын мақұлдады. Қазақстандық делегация «Түркістан сайлау форумы – 2025» ( «Turkistan Electoral Forum - 2025» ) атты жинақты таныстырды. Сондай-ақ, «Түркі мемлекеттеріне мүше мемлекеттердің сайлау жүйелері» атты ағылшын тілінде ұжымдық монографияны әзірлеп шығару туралы шешім қабылданды. Монографияның мазмұны мен Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы төрағалық ететін редакциялық алқа ресми түрде бекітілді. Жиында қатысушылар материалдарды 2026 жылғы 1 сәуірге дейін жіберу туралы уағдаласты.
Бұған қоса, КП жұмыс отырысы барысында сайлау процесіне жалған ақпараттың ықпалын төмендету мақсатында Жұмыс тобын құру туралы ұсыныс қаралды. Бұл топқа тиісті нұсқаулықтарды дайындау және 2026 жылдың үшінші тоқсанында өтетін онлайн конференцияға арналған материалдарды әзірлеу бойынша өкілеттік берілді.
Қатысушылар өзара ықпалдастықты күшейтуге, озық тәжірибемен алмасуға және ТМҰ-ға мүше елдердердің сайлау процестерінің төзімділігі, ашықтығы мен тұтастығын одан әрі дамытуға бейілділіктерін растады.









