Мақсаттар
ТМҰ Мүше мемлекеттер арасындағы өзара тиімді экономикалық байланыстарды және олардың әлем елдерімен қарым-қатынасын нығайтуға үлкен көңіл бөледі. Түркі мемлекеттері арасындағы сауда айналымын арттыру, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және экономиканы әртараптандыру – Түркі ынтымақтастығының негізгі іргетасы мен өзегі болып табылады.
Хатшылық Мүше мемлекеттердің экономикаға жауапты министрліктері және өзге де құзырлы мекемелерімен тығыз байланыста әртүрлі тақырыптарда оқыту семинарларын, тәжірибе алмасу бағдарламаларын тұрақты түрде ұйымдастырады. Сонымен қатар, инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін техникалық сапарлар өткізіліп, жеке сектор өкілдері ортақ алаңда бас қосады. Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы аясында бизнес форумдар, дөңгелек үстелдер мен екіжақты кездесулер жүйелі түрде өткізілуде.
Аталған барлық іс-шаралар Мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.
Механизмдер
- Экономикалық ынтымақтастықтың стратегиялық негіздері және негізгі механизмдері
Түркі мемлекеттері ұйымы құрылғаннан бері «Түркі әлемі – 2040 көзқарасы» және «2022–2026 жылдарға арналған ТМҰ стратегиясы» сияқты негізгі стратегиялық құжаттарға сәйкес экономикалық ынтымақтастықты дамыту мақсатында 13 министрлік пен 15 жұмыс тобының отырыстары ұйымдастырылды.
- Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы (ТСӨП)
ТСӨП – Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізгі механизмі, ол Мүше мемлекеттер арасындағы ішкі сауданы арттыруға бағытталған тұрақты бизнес бағдарламалары мен жобаларды әзірлейді. 2019 жылғы 17 мамырда Астанада өткен Астана экономикалық форумы кезінде Мүше мемлекеттердің Сауда-өнеркәсіп палаталарының басшылары ТСӨП Жарғысына қол қойып, сол жылы Ыстанбұлда штаб-пәтері ашылды. Құрамына Мүше және Бақылаушы мемлекеттердің сауда палаталары мен бизнес қауымдастықтары кіреді.
- Түркі инвестициялық қоры
500 млн АҚШ доллар көлеміндегі бастапқы капиталы бар Қор Мүше мемлекеттер арасында инвестициялық мүмкіндіктерді арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және инновацияны дамыту арқылы, әсіресе шағын және орта бизнесті қолдауға, сондай-ақ экономикалық және әлеуметтік дамуға серпін беруге бағытталған.
2022 жылғы 11 қарашада Самарқандтағы 9-шы Саммитте Түркі мемлекеттері президенттері қорды құру туралы шешім қабылдап, оның президентін тағайындады. Қорды құру келісімі 2023 жылғы 16 наурызда Анкарада өткен кезектен тыс Саммитте бекітілді және 2024 жылғы 24 ақпанда күшіне енді. Басқарушылар кеңесінің алғашқы отырысы 2024 жылғы 18 мамырда Ыстанбұлда өтті. Қордың іске қосылуы Түркі мемлекеттері арасындағы экономикалық интеграцияның жаңа кезеңін бастады.
- Сауданы жеңілдету комитеті (СЖК)
2022 жылғы 11 қарашада Самарқандтағы 9-шы Саммитте Түркі мемлекеттері президенттері ТМҰ-ның Сауданы жеңілдету стратегиясын қабылдады. Осы стратегия аясында СЖК құрылып, оның негізгі міндеті – сауда процестерін жеңілдету, кедергілерді жою және Түркі мемлекеттері арасындағы сауданы қолайлы ету болып табылады. Қазіргі уақытта комитет стратегияны жүзеге асыруға бағытталған жан-жақты жұмыс жоспарын әзірлеуде.
Құрылымдық негіз
ТМҰ аясындағы экономикалық ынтымақтастық құқықтық тұрғыдан бірнеше негізгі құжаттарға негізделеді:
- 2011 жылғы 21 қазанда Қазақстанның Алматы қаласында қол қойылған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің алғашқы Саммитінің декларациясы;
- 2019 жылғы 17 мамырда Астанада бекітілген Бірлескен Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының (ТСӨП) Жарғысы;
- 2022 жылғы 11 қарашада Самарқандта қабылданған ТМҰ Мемлекет басшылары кеңесінің «Түркі инвестициялық қорын (ТИҚ) құру туралы» шешімі;
- 2023 жылғы 16 наурызда Анкарада қол қойылған «Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім»;
- 2022 жылғы 11 қарашада Самарқандта қабылданған «Түркі мемлекеттері ұйымының Сауданы жеңілдету стратегиясы»;
- 2022 жылғы 11 қарашада Самарқандта қабылданған «Қазақстан Республикасының Түркістан өңірінде арнайы мәртебесі бар Тұран – Арнайы экономикалық аймағын құру бастамасы»;
- 2021 жылғы 10 қыркүйекте Әзербайжанның Баку қаласында қол қойылған «Әртүрлі экономикалық аймақтар саласында ақпарат және тәжірибе алмасу бойынша Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің мүше мемлекеттерінің үкіметтік органдары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум»;
- 2023 жылғы 3 қарашада Астанада қабылданған «ТМҰ мүше мемлекеттерінің тиісті мекемелері арасында метрология саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама».
Жобалар
- Экономикалық ынтымақтастық жобалары
ТМҰ аясында экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған бірқатар практикалық жобалар іске асырылуда.
- Түркі инвестициялық қоры
2024 жылғы 24 ақпанда «Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім» күшіне енді. Бұл қор Мүше мемлекеттер арасындағы инвестициялық мүмкіндіктерді арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдетуге бағытталған.
- ТСӨП
2019 жылғы 17 мамырда Астанада Мүше мемлекеттердің Сауда-өнеркәсіп палаталары басшылары қол қойған ТСӨП Жарғысы негізінде ТСӨП тұрақты экономикалық ынтымақтастық механизмі ретінде құрылды.
- Цифрлық экономика бойынша серіктестік келісімі
2024 жылғы қарашада Бішкекте өткен 11-ші Саммитте ТМҰ аясындағы көпжақты сандық сауда келісімі – DEPA қол қойылды. Бұл келісім электрондық коммерция мен цифрлық экономиканың маңыздылығын арттыруға және сауда қатынастарын нығайтуға бағытталған.
- TURANSEZ арнайы экономикалық аймағы
2021 жылы Ыстанбұлда өткен 8-ші Саммитте Түркі мемлекеттері Қазақстанның Түркістан өңірінде TURANSEZ арнайы экономикалық аймағын құру бастамасын қолдады. 2022 жылғы 11 қарашада Самарқандтағы 9-шы Саммитте бұл бастама ресми бекітілді. TURANSEZ тұжырымдамалық жазбасы 2023 жылы аяқталып, ашылу салтанаты жақында өтеді деп жоспарлануда.
- «Түркі жасыл қаржы кеңесі»
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 12 қарашада Ыстанбұлда өткен «Цифрлық дәуірдегі жасыл технологиялар мен ақылды қалалар» тақырыбына арналған ТМҰ Мемлекет басшылары кеңесінің жиынында жасыл технологияларға қатысты ортақ жобаларды жүзеге асыру мақсатында «Жасыл экономиканы» дамыту мәселелерін көтерген болатын.
Осы бастама аясында Самарқанда өткен ТМҰ саммитінде Президент Тоқаев бұл саладағы капитал нарығын дамыту үшін «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынды.
2024 жылғы 6 қарашада Бішкек саммитінде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құру туралы өзара түсіністік туралы меморандумына қол қойылды.
- Сауда ынтымақтастығы бойынша зерттеу орталығы
2021 жылы Өзбекстан Президенті ұсынған орталық сауда кедергілерін жоюға, электрондық коммерцияны дамытуға және экспорт-импортты арттыруға бағытталған ұсыныстар мен іс-қимыл жоспарын әзірлейді. Орталық ТМҰ Экономика және сауда министрлерінің 12-ші отырысында бекітілді.
- Орталық (Ұлттық) банктер кеңесі
2024 жылғы қарашада Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммиті аясында Түркі орталық банктер кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылды. Кеңестің мақсаты — ТМҰ-ға мүше елдердің орталық банктері арасындағы тиімді ынтымақтастықты нығайту, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, төлем жүйелерін дамыту, ақша-несие саясаты, қаржылық технологиялар және өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалар бойынша пікір және тәжірибе алмасып, бірлескен консультациялар мен зерттеулер жүргізу. Кеңестің алғашқы отырысы 2025 жылғы 27 мамырда Астана қаласында өтті. Аталмыш жиын ТМҰ мүше мемлекеттер арасындағы қаржылық ынтымақтастықты одан әрі күшейтуде жаңа бір белесі болды.
- ТМҰ мен Қаржылық барлау бөлімшелері (ҚББ) арасындағы ынтымақтастық
2024 жылғы 9 қазанда Әзербайжанның Шуша қаласында ТМҰ Қаржылық барлау бөлімшелерінің I. Халықаралық форумы өтті. II. Форум 2025 жылғы 26 маусымда Қырғызстанның Ыстық көл өңірінде өтті. Бұл форум аясында ТМҰ қаржылық барлау бөлімше басшыларының алғашқы кездесуі ұйымдастырылды. Аталмыш жиынның қорытындысы ретінде қаржылық барлау саласындағы ынтымақтастықты нығайту, ақшаны заңсыз айналымнан қорғау және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша міндеттемелерді растайтын Меморандумға қол қойылды. Құжатта ақпарат алмасу, ортақ оқу бағдарламаларын дайындау, ТМҰ мүше мемлекеттері арасында тәжірибе алмасуды қолдау сияқты тақырыптар қамтылған.
- TurkIPAnet платформасы
2025 жылғы 12 маусымда Ташкентте өткен IV Халықаралық инвестициялық форум аясында ТМҰ-ға мүше мемлекеттерінің Инвестициялар жөніндегі агенттіктердің басшылары ынтымақтастықты нығайту, экономикалық байланыстарды күшейту және түркі елдерінің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында бас қосты. Кездесуден кейін ТМҰ Инвестициялар жөніндегі агенттіктердің басшылары Түркі әлемінде инвестициялық ынтымақтастықты дамыту бойынша өз пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ, жиында жаңа «TurkIPAnet» платформасы таныстырылды. «ТМҰ-ға мүше елдердің Инвестициялар жөніндегі агенттіктер арасында «Өзара түсіністік пен ынтымақтастык туралы Меморандумға» қол қойылып, ТМҰ аясында Түркі инвестицияларды қолдау желісі (TurkIPAnet) ресми түрде құрылды.
Соңғы жаңарту: 20:34:26




