ТҮРКПА

ТҮРКПА
Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясы (ТҮРКПА) 2008 жылғы 21 қарашада Ыстанбұлда Әзербайжан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Түркия Республикасы Парламенттері төрағаларының қол қойған Ыстанбұл келісімі негізінде Мүше мемлекеттер арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту мақсатында құрылды.

ТҮРКПА Хатшылығы Бакуде орналасқан және халықаралық ұйым мәртебесіне ие. Тарихи, мәдени және тілдік жақындық негізінде бұл ұйым мүше мемлекеттер арасында парламентаралық дипломатия арқылы саяси диалогты дамытуға, ұлттық заңнамаларды үйлестіруге және парламентаралық ынтымақтастыққа қатысты өзге де мәселелер бойынша өзара іс-қимылды нығайтуға ұмтылады.

ТҮРКПА-ның жоғары шешім қабылдайтын органы — Тараптар парламенттерінің төрағаларынан құралған Ассамблея Кеңесі. Бұл Кеңес тараптар арасындағы ынтымақтастықтың даму бағыттары мен келешегін айқындайды, Ассамблеяның мақсаттары мен міндеттерін іске асыру тәртібін белгілейді.

Ассамблеяның төрт тұрақты мамандандырылған комиссиясы бар:

  • заңнама және халықаралық қатынастар;
  • экономикалық ынтымақтастық;
  • әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық мәселелер;
  • қоршаған орта және табиғи ресурстар.

Комиссиялар өз құзыреті шеңберіндегі мәселелерді қарап, Ассамблея Кеңесі мен жалпы отырыста қабылданған шешімдердің орындалуын қамтамасыз етеді, өздеріне жолданған құжаттар мен ұсыныстарды қарастырып, жалпы отырыстарда таныстырылатын есептер мен ұсынымдар қабылдайды.

Мүше мемлекеттер арасындағы заңнамалық ынтымақтастықты ілгерілетумен қатар, ТҮРКПА комиссиялардың жұмысына кәсіби үлес қосу мақсатында сараптамалық семинарлар өткізеді, парламентаралық ынтымақтастыққа қатысты әртүрлі тақырыптарда халықаралық конференциялар мен форумдар ұйымдастырады.

Сонымен қатар, ТҮРКПА сайлау процестерінің ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттарға сәйкестігін бақылау үшін мүше мемлекеттердегі сайлауларға халықаралық байқау миссияларын жүргізеді.

Ресми веб-сайт: https://turk-pa.org/en